Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қалалық жылжымайтын мүлік» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны (бұдан әрі – Кәсіпорын) Астана қаласы әкімдігінің 2005 жылғы 20 желтоқсандағы № 3-1-1095қ қаулысына сәйкес құрылды.
Кәсіпорынды басқаруды жүзеге асыратын орган «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесі болып табылады.
Кәсіпорын қызметінің мәні мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп алуды, оларды ғимараттардан (құрылыстардан, үйлерден) босатуды қамтамасыз ету саласындағы қызметті жүзеге асыру болып табылады.
Кәсіпорын қызметінің мақсаты мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алу, оларды ғимараттардан (құрылыстардан, үйлерден) босату болып табылады.
Кәсіпорын алға қойылған мақсаттарды іске асыру үшін мына қызмет түрлерін жүзеге асырады:
- жер учаскелерінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің мемлекет мұқтажы үшін алынуына байланысты меншік иелері мен мемлекеттік емес жер пайдаланушыларға оларды мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлау;
- жер учаскелерінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің мемлекет мұқтажы үшін алынуына байланысты олардың нарықтық құнын анықтауды, оларды өтеу мөлшерін анықтауды қамтамасыз ету;
- алынатын жер учаскелерін ғимараттардан (құрылыстардан, үйлерден) босатудың сметалық құнын дайындау;
- алынатын мүліктің меншік иелерімен немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушылармен келіссөздер, келісу рәсімдерін өткізу;
- соттарда мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін немесе өзге де мүлікті мәжбүрлеп алып қою мәселелері бойынша әкімдіктің мүддесін білдіру;
- жер учаскелерін ғимараттардан (құрылыстардан, үйлерден) босату;
- жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің мемлекет мұқтажы үшін алынуына байланысты олардың құнын және өтелуге тиіс шығындарды бюджет қаржысы есебінен төлеуді қамтамасыз ету.
Кәсіпорын жұмыс істеген 20 жыл ішінде мектептер, ауруханалар, жолдар, Астана қаласында кезекте тұрғандарға арналған әлеуметтік тұрғын үйлер және т.б., құрылыстарды салу үшін жер учаскелерін босату жұмыстарын атқарды.